9-мамыр. Жеңіс күніне.

Сұрапыл соғып ап кетті тағдырын талай боздақтың,
Рухыңа дұға бағыштап, бағыма қолым созбақпын.
Мейрамда бүгін той тойлар, еске алайық ерлерді,
Рахмет айтпай ерлікке бұл өмірден озбақ кім.

Жерлерін жаудан қорғаған жүректер неткен мықты еді,
Шайқасқа түсті қаймықпай шыққанша кеуде нық демі.
Көре алмай кеткен арманда арманын талай боздақтың,
Ап келді Құдай жарылқап, 45-жылдың көктемі.

Құтты болсын мереке жауыздың оты сөнген күн,
Жақсының шын жеңгенін мойындап жаман көнген күн.
Көрсеткен қорлық, жамандық қайта айналып басына,
Дөңеленіп дүние жау басына төнген күн.

Арайлап атсын ендігі мейірімде таңдарың,
Тыныштықта тербелсін тәтті қиял, арманың.
Бейбіт күннің жеңісін күнде көріп жүрейік,
Жақсылық жасап ұмытпай мына өмірдің жалғанын.

This entry was posted on 25.12.2015. Bookmark the permalink.

Обсуждение закрыто.