Әже


Өмірімнің шуағы болған асыл әжем. Баласынбай барын берген, ас-ауқатымызды дайындап, қас-қабағымызға қараған алтын адам. Гауһар тас. Таңданған, қуанған, қайғырған кездегі жүзің әлі күнге есімде. Анамыздан үнемі «ұрма» деп қорғайтын))) қарның ашады деп керсен кесеге шұбат, не айранды толтырып, ішіне таба нанын турап «іш, тауыс» деп жанымызға жүрелеп отырып алып күтетін. Тауыссаң, ал кеп мақтайды. Сол мақтауға бола, ішім керілгенше тауысып ішіп алатын едім. «Ал, енді ойнай ғойыңдар» деп далаға ойынға жіберетін. Күнде кешке әжем кеспе тамақ немесе ет асатын. «Түуу, бүгін тағы да ет па?» деп өзімізше боп қалғанда, әжем «тәйт әрі, аш болсаң, боқтарыңды жерсіңдер» деп тыйып тастайтын. Ашаршылықты көрген, соғыс зардабын тартқан әжем үшін біз айтатын сөз, ең қорқынышты сөз. Тамақ ішіліп болады. Тауыссақ тауыстық, тауыспасақ жартылай қалдырамыз. Әжем «жаманнан жарты аяқ ас қалады» деп зілсіз ренжіп алады да, табақ ішін қолмен тазалауға кіріседі, алдымен барлық табақты жалап тамақтан тазартқан соң ыстық сумен жуып, жақсылап тазалап сүртіп қояды. Сондай тазайын кісі еді. Сыпырмай қаққанды ұнататын. Үнемі қолынан ұршық түспейтін. Қолы қалт ете қалса бізге киіз бастыру үйретіп, шұлық-қолғап тоқуға баулитын. Тезек теруге жіберіп, үйдің сыртын қаралап, ақтауға ат салыстыратын. Қар шығаратынбыз. Осындай қара жұмысқа салса да әжем бізді «күйіп қалады» деп қазан-ошаққа араластырмады. «Құлап қалады» деп балабақшаға да жібертпеді. Анам үнемі жұмыста, бізге қарау мен үйдің барлық тауқыметі бір басына түсіпті. Немерелерін жақсы көрмеді емес, жақсы көрді ғой, тек мейірімін үшеумізге көрсететін. Алдымен барын бізге беретін еді жарықтық. Өсіп,ақыл тоқтатқан соң бір білдік қой, қамкөңіл болмасын деп көңілімізге қарайды екен-ау, әрі «жиен назары» деген xалық дәстүрін ұстанған екен. Әжемнің арқасында, нағашыларым мен ауылымның арқасында жетімдік дегеннің не екенін 1 грамм да сезінбедік. Ақ орамалы мен камзолы әлі күнге көз алдымда. Тойдан келе жатқанда алдынан құлдыраңдап құстай ұшатын едік. Сол баяғы алдымен жылы — жұмсақтар 3-еуімізге тиетін еді. Қазір кейде нағашыларымнан ұяламын. Әже маxаббатын біз тартып алғандай көрінеді кейде маған. Бірақ, біз осы маxаббаттың арқасында ер жеттік.