Керек екем!

080_ev044cНегізі бұл жазбаны кеше жазуым керек еді. Сансыз себептеріммен бүгінге қалып қойды. Сонымен…

Мен өзімді кейде керексіз жандай сезінетінмін. Кіммін? Не үшін өмір сүрудемін? деп сұрақ қойып алып, » адам болып өмір сүру үшін», «жақсылық жасау үшін», «ұрпақ жалғастыру үшін» деген сансыз жауаптарды алдыма кесе-көлденең тоссам да, біреуге қажеттілігімді еш сезіне алмайтынмын. Күнде тұрасың, шәй жасау, төсек жинау, түскі ас, үй жинастыру, киім жуу, балалардың сабағын оқыту, т.с.с. жұмыстар. Оны барлығы да жасай алады емес пе? Тағы не үшін керекпін өзі деп сұрақ қоя-қоя соңында «әй, қойшы осы» деп миымды он ораған ойды лақтырып жіберетінмін. Бірақ, ол ой ізімнен қалмайды, ертеңіне тағы есік қағып келіп тұрады. Тағы жіберем, тағы келеді. Содан ол кеше өзі кетті. Ойда жоқта. Қанша уақытқа кеткені әзірге белгісіз.

Кеше. Таң атты. Күнделікті үй тіршілігіне қарайтын уақыт жоқ, емханаға барып сараптамалардан өту керек, әрі қарай сабаққа барып, түс мезгіліне қонаққа шақырған апаның үйіне бару керек. Қысқасы, таңда шыққаннан түс ауа үйге бір келетін болдым. Балаларды жолдасым сабаққа жіберетін болды. Үйім маған «мені жинап кетпейсің бе»  деген сұраулы жүзбен қала берді. Бір күнге ғой, шашылып тұрған дымың жоқ дедім де кете бардым. Кіші ұлымды ертіп алып емханаға бардым, 2 сағат саббаққа қатыстық, қонаққа бардық. Өте керемет отырыс болды. Небір ғибратты әңгімелер айтылған жерді қимай-қимай кешкі тамақ қамын жасау керек болған соң үйге қайттық. Үйге кіре сала үйім жылап қоя берді, неше түрлі ынғайсыз иіс қарсы алды, ас бөлмесіне өтсем ішілген тамақ ыдыстары жуылмаған, ұл мен қыз сабаққа бармаған, еден айғыз-айғыз, төргі бөлмеде 2 қонақ отыр, олар шәй да ішпеген, ойыншықтар шашылып жатыр.  Мына көрініс кім-кімнің де ашуын келтірері анық. Әшейінде жерге су төгіліп кетсе бүлінді деп ашуланатын мен ашуланбадым. Сол сәтте кеудемді қуаныш кернеп кетті. «Мен керек екенмін ғой», «менің де бұл үйде атқаратын қызметім, менің көмегімді қажет ететін жандар бар екен ғой», «мен болмасам бұл үй осындай жағдайға түседі екен ғой» деп ойладым да, қуанып кеттім. Құстай ұшып жүріп, үй жинастырып, ыдыс жуып, кешкі тамақты жасап, қонақтарды тамақтандырып тастадым. Кеудем тола қуаныш, өзіңді керек жан сезінуден артық не бар. Үйде отырған әйел деп біреулер қырын қараса да оған өкпелей қоятын хәлде емеспін қазір. Өйткені, мен керек жанмын. Біреулер үшін қарапайым шаруа боп көрінетін нәрселер біреулер үшін алынбас асу екенін кім білген. Өзіме бұрын беретін жауабым дұрыс екен, тек басымнан өткізіп, сезінбеген соң мойындамаппын. Баяғы ой қайта келетін болса, тағы да үйден жарты күнге кетіп қаламын деп шештім. Кетпей көрсін сосын.)))

Енді менен тегін ақыл. Өзіңізді керексіз сезінсеңіз, өзіңіздің қолыңыздан келетін шаруаны қолынан келмейтін жанға қалдырып көріңіз.)))

Жаратқанға мың шүкір!!!