Естелік.

seconddimensionbycelsojunior1n   Бала кезімді сағынамын. Күнде емес әрине. Кей кездерде ғана. Бала шағым есіме түссе, әдемі балалық шақ тек менде ғана болғандай болады.

Оймауыт деген шағын ауылда өстім. Ауылдың шетіндегі ұзын екі көшеде бала көп болатын. Әр үйден кем дегенде ойынға 3 бала шығады. 2 көшенің 30 шақты үйінен 2-3 баладан шыққанда қанша екенін өзіңіз ойлай беріңіз. Ал кеп қызу ойын басталады. Күл арасын аралап сынық ыдыстар жинаған кездеріміз, оны қора ішіне әкеліп ыдыс ретінде пайдаланып, ішіне тамақ деп түрлі шөптерді сындырып салып тамақ жасаған сәттеріміз ең қызықты сәттер екен. Бұл ойыннан жалығып кетсек, ер балалар арасына кірісіп, асық ойнап, доп та тебуші едік. Күресеміз деп талай таяқ жеген күндер де болды. Жүгіргенде жеткізбес желаяқ болуды армандап, күнде ертемен тұрып, қырға қарай жүгіретінмін де. Қараңғы түсе жасырынбақ ойнауға көшетінбіз. Кімнің кім екенін біліп болмай, айқай-шу боп жүргеніміз. Әр маусымның өз қызығы, өз ерекшелігі, соған орай өзгеріп отыратын ойындары да болды. Қыста шанамен сырғанап, кішкене доппен футбол ойнайтынбыз. Ауыл шетіндегі көл қатқан соң, коньки тебу, хоккей ойнау басталады. Ауыл мектебінің от жағатын жері жиі жарылатын. Ол жарылса біздің қуанышта шек жоқ. Күні бойы еркіндік, ойын әдбен қанады. Қыз-ұлы аралас допты теуіп-теуіп, кешке не ішіп не қойғанымызды білмей киіммен ұйқыға құлай саламыз. Ертеңіне тағы сол «шаруа» басталады. Осылай қысты өткізіп алып, көктемде асық ойыны басталады. Асық ойынында ешек боп талай рет ер балаларды арқаладық та. Мак ойнап, бір аяқпен секіруден шаршамайтынбыз. Күн көзі қыза бастағанда, бәйшешек, одан соң қызғалдақтың қызығы басталады. 3-4 шақырым жерлерге қызғалдақ үшін жаяу баратынбыз. Су алсақ алғанымыз, алмасақ шөлден өлермен боп ауылға жететінбіз. Құшақта толған қызғалдақ, оның жартысы жетем дегенше өліп қалады. Үйге келе сала банкаға су құйып, шекер салып, қызғалдақты әдемі етіп терезе алдына қойып қоямыз. Сырттай қызықтап қарап, істеген ісімізге бір марқайып жүргеніміз. Одан соң  жаз да келіп жетеді. Демалысқа шыққан соң бізде не жатыс бар. Ойынның түр-түрін бастап кетеміз. Қыздар боп концерт қоюға дайындаламыз. Арнайы сценарий дайындалады. Әр үйдің бұрышына жиналып дайындаламыз. «Қамажай», «Бипыл» өзгермейтін билеріміз болса, «Қазақы дастарханым» өзгермейтін әніміз болды. Ол кезде «Тамашаның» кезі,  сондағы «рәтәтіндәні» жаттап алғанбыз, «Жириновский жынданып жүр, Меңдауана жеп алып, Қазақ жерін орыстарға алып беріп жүрем деп, рәтәтіндә, рәтәтіндә» деп қолды тізеге ұрып тұрып айтатын едік. 😀 Осылай дайындалып, концерт қоятын күнге де жететінбіз. Екі қолда екі пакет, үйдегі бар киімізді жинап шығамыз. 3 теңге беріп кіресіңдер деп ұлдарды концертке шақырамыз. Олар ақшасыз келеді, айқай-шумен тегін концерт қойып тынамыз. Көшеде концертті қоя-қоя жалығамыз ба деймін, келесі көшенің қыздарына «бізбен концерт қойып жарысыңдар» деп жарысқа шақырамыз. Болатын күн белгіленеді. Олар өз көрермендерімен, яғни көшесінің ұлдарымен, біз өз көрермендерімізбен, көшеміздің ұлдарымен жиналамыз. Екі жақ концертін қояды, кім жеңдіге келгенде тағы айқай-шу басталады. Көрер концерттерін көріп алып ұлдар тым-тырыс таяды, қыздар ұрсысып жатамыз. Сондай концерттің бірі арғы көшеде болып, соңындағы ұрыста олар ит қосып қуып, қолдағы екі пакет киімдерімізбен көшемізге әрең жеткен күн де болды. Ми қайнатар ыстық күндер болады. Сол кезде ауыл шетіндегі көлге киіктер келеді. Шөп арасына тығылып жатып, көздері мөлдіреген сұлуларды талай тамашалап едік. Олар кеткен соң, келесі шаруа кезек күтіп тұрады. Ми қайнатар ыстықта үлкендердің ұйықтайтыны белгілі. Бізден басқа көшеде жан жоқ болады. Көл шетінен сиырдың жапаларын жинап, кім үйінің сыртын аппақ етіп ақтап қойған, сол үйге әлгі тезекті жағу басталады. Мұндай шаруаға мен араласпадым. «Мұғалімнің қызының түрін қара деп ел-жұрт айтады дұрыстап жүр» деген маманың сөзі  мені кейін тартатын. Ол кезде ауыл қора-қопсысын көл шетіне кесек басып, соны кептіріп салатын. Кептіріліп тұрған кесектер біздің сүйікті ойыншығымыз болды. Мынау менің залым, мынау шәй ішетін болме, мынау ұйықтайтын бөлме деп, төртбұрыш етіп, бар кесекті жайып тастайтын едік. Иесі көріп қалса қуады, бізден айдалаға бытырап қашып құтыламыз. Кеш болса, көше көк шаң. Мал өрістен келеді. Одан соң көлге шетіне бақаларды тамашалауға шығамыз. Бәрі-бәрін жазып тауысу мүмкін емес. Бәріне үлгеретінбіз. Арқаға қапшық арқалап тезек те тердік, қи да ойдық, шөп те атып көрдік. Бәкпен су тасу, құдықтан шелекпен су тарту, үйдің сыртын майлап, оны ақтау, үйдің ішін ақтау, сабақ оқу, үйірмелерге қатысу, олимпиадаларға дайындалу, жарыстарға қатысу. Осылардың бәріне қалай үлгергенбіз деп ойлаймын кейде. Уақыттың сонша ұзақ болғаны ма? Балалық шақтың қызығына батып, бізде қайғыру, семіру деген мәселелер мүлде болмапты да. Бір күн бір күнге ұқсамай, балалық шақ зу етіп өте шығыпты. Бізді  шақырымдық жерге жібергенде бір де біреуіміздің ата-анамыз артымыздан іздеп келмейтін. Сондай мамыражай шақ. Ал,қазір ше? Балаларрымыз дүкеннен  минутқа кешіксе іздеп шығамыз. Сабағынан қайтатын уақытынан кешіксе де іздеп шығамыз. Біздің ата-анамыз ондай болған жоқ. біз қайдан шықтық өзі. Балалық шақ қайта келеді деп босқа үміттенбеймін де. Осындай керемет балалық шағым болғанына қуанамын. Қазір «өмір — қиын, қызықсыз» деп те айта алмаймын. Өйткені, өмірдің қызықты екенін көрдім ғой. Менің қазіргі өмірім, аз уақыт өткізіп бұрылып қарағанда өте қызықты кез болуы әбден мүмкін. Балаларыма бақытты балалық шақ сыйлауға кеттім!😀

This entry was posted on 01.02.2016. Bookmark the permalink.