Кім кінәлі?

кім кінәлі Күн суық екен. Қысқы аяз бетті қарып барады. Сабақтан шығам дегенше де қас қарайып үлгеріпті. Көше шамдары ғана жол нұсқап тұр. Мектептен жолға қарай жүрген балалар мен ата-аналар қарасы сиректеу. Есесіне машиналар қарасы көптеу. Жолға дейін ілесіп жетіп алсам деп жүрісін жылдамдатып қояды. Аздан соң арқадағы сөмкесі де ауырлығын сездіре бастады. Қайта-қайта қоқаң еткізіп бір сілкіп көтеріп алады да жүрісін жалғастырады. Осылай ентіге жолға да жетіп алды. Енді арғы бетке өту керек. Ағылған машина. Баста қорқатын. Кейін оған да үйрене бастады. Кей кезде үлкен адамдар жетектеп өткізіп жіберіп те жатады. Бүгін машина аз сәтін пайдаланып арғы бетке жүгіріп өтіп алды. Енді автобус келгенін күту керек. Айналасына көз тастай қарап, мәшинемен кетіп бара жатқан балаларға қызыға қарады. Жарайды, бізде мәшине жоқ қой, ең болмаса ата-аналарымен үйге кетіп бара жатқан балалардай болсам ғой деп қиялдады бала арманы. Иәәә, ол да болмайды. Анасы қазір жұмыста. Кейде жұмыстан ерте шығып, мектептен алып қайтқанда бала көңіл бір марқайып қалады. Адамдар маған қарап келе ме дегендей айналасына күлімдеген көзімен көз тастап қоятын. Анасының қолынан ұстап алып, тымпыңдап ере жөнеледі. Ол күні ауыр сөмкесі де мұны қинамайтын. Бүгін мына сөмке қыс аязына қосылып қинап барады. Біраздан соң автобус та келіп жетті. Жұмыстан үйлеріне жету үшін автобус ішін лық толтырған топқа қаршадай бала да қосылып кетіп бара жатты.


«Балам, не істеді екен? Үйге аман-есен жетті ме екен? Жаратқан, аман ете гөрші?» Ана көңіл қатты алаңдаулы. Мына жұмыс уақыты да бітіп болмады. Шіркін, мектептен өзім алып қайтсам ғой. Қайтейін енді, құлыным-ау, бізді кім асырайды? Маған да жұмыс жасауға тура келіп тұр. Қыс суығы ештеңе емес, адам суықтығынан тоңбасаң екен. Біздің де бір көрер жарық күніміз, бақытты болашағымыз бар болар. Шыдайық енді. Бұл қиындықтан да өтерміз. Айтпақшы, пәтерақы төлейтін күні де жақындап қалған екен-ау. Балам, жақында циркке барамыз, 1500 теңге жинап жатыр деген сияқты еді. Айлықты қашан береді екен? Ана ойы осылай бірді ойлап, бірге кетуде. Жолдасы тастап кеткелі жағдайы нашарлап кетті. Қасыңда сүйеу болар жан болмағанда осыншалықты қиындық келерін кім ойлаған. Үн-түнсіз кеткені, тіпті де ойландырады. Ер балаға әке керек-ақ екен. Баласына қайырылмаған әкеге ренжіп-ренжіп, реніші де таусылғандай. Ата-анасы болса алыста. Болмаса анасы көмектесер еді-ау. Ай, қойшы, көп ойлана бермейін, бұл да өтеді де кетеді деп өзін жұбата бастады. Аз да болса көмек көрсетіп, сөзімен сүйеу болар жақсы жандардың жанында екеніне шүкірлік етті. Қазір жетем, құлыным, қазір жетем деп күбірлеп жұмыстан жинала бастады.


Қағанағы қарық болған жігіттер тобы. Дені әлі үйленбегендер. Олардың ішінде өзін бойдақ көрсетіп жүрген жан да бар еді. Күнде қыдырыс, күнде күлкі. Жауапкершілік деген ауыр жүк көтергеннен, қысқа ғұмырды осылай өткізу көңілдірек пе қалай өзі. Кейде баласына барғысы келеді. Ойй, жағдайы жақсы болар, жанында шешесі бар емес пе деген ой кежегесін кейін тартып қала береді. Қазір мектепте, сабағына барып-келіп, балалармен көңілді ойнап жүрген болар. Шешесі жұмыста емес пе, ол да сол жалғыз баласының аузына бар жылы-жұмсақты тосып отқан болар. Осылай ертең-ақ өседі де кетеді. «Жігіттер, сонымен қайда кездесетін болдық? Жақсы жерге барайық.»


Кім кінәлі? Бала көңіл болашақта кім болып жетіледі? Ер-азаматтар, жауапкершілікті ойлансаңыздар екен?

This entry was posted on 15.01.2016. Bookmark the permalink.