Алғысым шексіз!

Алғысым шексіз!

Қайғырған кездер! Мұң шалған көздер! Шарасыз кейіп! Жігерсіз қадамдар! Көздегі әлсіз үміт! Бәрі маған таныс сезімдер! Осы сезімдерден соң жарқырап күн туатыны, жарқырап күлу мен жадырап жүру де таныс сезімдер! Осының бәрін көруіме себепші, ол- адамдар! Солардың баршасына алғыс айтқым келеді.
Мені жылатқан жандарға зор алғыс! Шын жылауды, жылаған соң жеңіммен жасымды сүртуді үйрендім. Қуаныштың қадірін білдім.
Болашағымнан еш үміт күтпеген, оны келіп бетіме айтқан жандарға да рахмет!

Шынымен де сондаймын ба деп өзіме сұрақ қойып, бір мақсатқа талпынуды үйрендім.
Сыртымнан мысқылдай күліп, бықсық әңгіме айтып, өмірімдегі шалыс басқан сәттерімді өзгеге айтып ләззат алған жандарға да зор алғыс! Баста жылап ренжісем де, жақыным емес пе деп көнілім қалса да, миығымнан күліп қана тыңдайтын дәрежеге жеттім.»Ит қапты деп, мен оны қабайын ба?» деген Абай атамыздың сөзі үлкен көмек.
Аяқтан шалған жандарға да зор алғыс! Құлаған соң қайта тұруды, қайта-қайта құлап та тұра беруге болатынын үйрендім. Қайта тұра алмайтын сәт сенің соңғы сағатың екен-ау.
Асыңды ішіп, аяғымды тепкен жандарға да зор алғыс! Өзгенің үйіне барғанда өз-өзіме есеп беріп жүруді, үй иесінің көңіліне қарауды үйрендім. Шын пейілге мәңгілік шын ықыласпен қарау керек екен. Біздің кей қазақ «қой, ұят, кезінде адал асын ішіп едік, дастархандас болып едік» деп сол бір сәттері үшін адамды жамандыққа қимай жатады. Міне, осы қазақ-нағыз Адам.
Бір емес бірнеше рет алдаған жандарға да зор алғыс! Аңқаулық пен қайырымдылықтың арасын ажыратып, адамның бет-жүзінен не өтірік, не шын айтып тұрғанын білетін болдым.
Солааай. Ренжімеңдерші маған! Жұрт алдында бәрін жайып салғаным үшін. Өзім де осыларды біреуге жасаған болуым да мүмкін. Менің кешіргенім секілді, олардың да мені кешіргенін қалаймын. Өмірімнің минуттары мен сағаттарын бөліскендерің- менің өмірімнің аз да болса бір бөлшегі болғандарың. Кешіріп құшағымды жаюға мен дайынмын!
Жоғарыдағының бәрін өзі жасады дейсіздер ме, әрине жоқ.
Қайырымды жандарға зор алғыс! Құлағанда сөзімен демеп, жолымды көрсеткені үшін.
Мейрімді жандарға зор алғыс! Қателігімді көре тұра ұрыспай-ақ түзеткені үшін.
Адал жандарға зор алғыс! Менің талай еркелігім мен нашар мінезімді көтергені үшін.
Жомарт жандарға зор алғыс! Қиналғанда көмек қолын созып, онысын еш бетке айтпағаны үшін.
Мен танымайтын, бірақ соған қарамастан балаларға еш себепсіз сыйлық жасап, үлкен бола тұра орынын беретін асыл жандарға зор алғыс! Олар көп қиыршықтар арасындағы асылдар.
Адамдарға көмек қолын созсам деген жандарға зор алғыс! Сіздерге қарап өмірге ғашық боласың.
Ғибратты әңгімелерді қағаз бетіне түсіріп, кітап етіп қалдырсам деген көкірегі ояу жандарға зор алғыс! Сіздер арқылы біз қуаттанып, ұрпаққа керек кітаптар жинағанымыз үшін.
Сабырлы жандарға зор алғыс! Асыл уақытын бөліп, қанша керек болса сонша сағаты мен күнін маған арнағаны үшін.
Бәрінен де Жаратқанға мың да бір шүкір! Осындай өмір мен ақыл, жүрек, жақын адамдар, тура жол, әсем табиғат пен махаббат бергені үшін. Жаратқан өмір бермесе, өмірді осыншалық тани да, жақсы адамдармен таныс бола алмас та едім. Жаратқан Ием, саған зор алғыс! Шындығында сен ештеңеге Мұқтажсызсың. Мен мұқтажбын. Қайырымды, мейірімді, сабырлы жандарға серік боп, солардың жасағандарынан 1% болса жасай алсам деген бір үміт оты жылтырап жана бастады.

This entry was posted on 21.12.2015. Bookmark the permalink.