Құттықтау сөздер


Асыл Анам, қуанышың құтты болсын! Қажымай, талмай, әкемізбен бірге бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бізді аялап, мәпелеп жеткіздіңіз. Еңбектін зейнетін көріп, төрде отырған мейірімді тұлғаңызға біз қуаныштымыз. Аялы қолыңыздың жылуы кетпесін, мейірімге толы көзіңіздің нұры кетпесін, кең жүрегіңізге ешбір жүрек жетпесін, бағыңызда әрқашан бақыттың гүлі көктесін! Әрдайым біздің мақтанышымыз болып жүре беріңіздер!


Таудай талап, мызғымас сабырлық, қайтпас жігер, таусылмас талант,  тамаша табыс, керемет кішіпейілділік, жайдары көңіл, ұзақ өмір тілеймін! Жадыра, жайна, күл, ойна, бақыттың сәтін күнде тойла!


Денсаулығың берік болаттай болсын, көңілің сүттей ақ болсын, жүрегің мөлдір судай таза болсын, өмірің шыршадай жасыл болсын, күндерің әсем гүлдей әдемі болсын, махабатың аққудай адал болсын, мәртебең таудай биік болсын!


Болат қандай берік болса, денсаулығың сондай берік болсын, сүт қандай ақ болса, көңілің сондай ақ болсын, су қандай таза болса, жүрегің сондай таза болсын, шырша қандай мәңгі жасыл болса, өмірің мәңгілік болсын, гүл қандай әдемі болса, күндерің көркем болсын, аққу қандай махаббатқа берік болса, махаббатың сондай мызғымас болсын, тау қандай биік болса, мәртебең сондай биік болсын!


Қуанышты сәт көп болсын, уайым-қайғы жоқ болсын, баланың қарны тоқ болсын, жігерің жанған от болсын! Жүзіңнен күлкі кетпей, өмірдің барлық жақсы қуаныштарының бәрін көруіңе тілектеспін!


Досым, туған күніңмен! Өмірдің белгілі бір кезеңін бірге өткізіп, бір қайғырып, бір қуанып, бір жұбанып, бірге күлдік. Өзіңдей адал досымның барына АЛЛАҒА 1001 шүкір деймін. Достарың көп болсын, өмірің 100 –ге жетсін, бақыт құсы өзіңді таңдап қонып, бақыт теңізінде мінген кемең үнемі жеңісті жағалауға жеткізіп отырсын!


Арман-теңіз, мақсат-жағалау, ниет-бағыт, әрекет- ескек. Асқақ арманның толқындарында,  мақсат жағалауына жақсы ниетпен бағдар алып, ескегіңді тынымсыз есумен, өзің таңдаған мақсат жағалауыңа жетуіңе тілектеспін! Басың аман, болып айналаңа шаттық нұрын шашып жүре бер!


Керемет күнге керемет тілектер, адал ниеттер, кеңпейіл жүректер тілеймін! Әлемдегі 3 байлықтың барлығын саған тілеймін! Деніңнің саулығы бар байлығың, жанұяң зор байлығың, көп табыс мол байлығың. Әлемдегі төрт құбыласы тең ең бай адам бол! Бақытыңа ел қызықсын!


Жаздай жайдар мінез, қыстай қатты денсаулық, көктемдей әдемі өмір, күздей жомарт көңіл тілеймін! Өмірің асқақ арман мен шалқыған шаттыққа толы болсын! Жүзіңе күлкінің толқыны үйіріліп, күлім көзіңнен нұр таратып жүре бер! Бейбіт күннің бақытқа толы ауасымен тыныстап, өмірдің бар қызығын көр!


Әр жыл сайын келетін туылған күн- енді қайталанбас жас пен бақытты сәт! Жасың құтты болсын! Әр жасың басыңа бақ болып келіп, әр жыл сайын биік армандарды бағындыра бер! Әр жыл сайын үйің жанға, қалтаң табысқа толсын! Әр жыл сайын мәртебең өссін! Әр жыл сайын бақытты сәттерің арта берсін!


Біздің әр жылы бір жасқа толып, бір жасқа есейіп қуанғанымыз алдымен АЛЛАНЫҢ, содан соң ата-анамыздың арқасы. Ашық аспанның астында өткізген әр күнің бақыт әніне толы болсын! Дұшпаның еш жоқ болып, достарың тым көп болсын! Әлемді тербеткен Анаңды сыйлап, жұмақтың кілтіне жетуіңе тілектеспін! Арманың ешқашан да алдамасын!


Әр секундың мәнге, әр минутың сәнге, әр сағатың әнге, әр күнің күлкіге, әр айың арманға, әр жылың жеңіске, ғасырың ғаламатқа толы болсын! Уақытың-бақытың. Жеңісті де, жемісті күнің көп болсын, жолың гүлге толсын, басыңа бақытың қонсын, қалтаң ақшаға толсын!


Күннен жылы нәр алғаныңды, айдан сұлу келбет алғаныңды, аспаннан кеңдікті алғаныңды, желден сыр алғаныңды, жерден күш алғаныңды, таудан асқақ арман алғаныңды, мөлдір бұлақтан тазалық, теңізден терең ой, мұхиттан мол байлық алғаныңды, жасыл желектен жарқын көңіл-күй алғаныңды, атқан таңнан батыл алау алғаныңды, батқан күннен салауатты сабақ алғаныңды тілеймін! Табиғатпен тілдескен ең керемет жан бол!


Жас отау құрып, бас қосқан бақытты жандар, осы бақытты жүздерің өмір бойы жадырасын! Қол ұстасқан қолдарың ажырамай, арман-ниеттерің бір болсын! Біреуің отбасының тірегі, біреуің отбасының жүрегі бола біліңдер! Бірге жаққан махаббат алауы мәңгі сөнбесін! Татулықтың уықтары бірліктің шаңырағын биік те нық ұстасын! Үлгі тұтар жанұя, Отанның ең берік іргетасы болыңдар!


Бала-бақыт. Болашағы жарқын, мәртебесі асқақ, елі мақтан тұтар адал азамат болсын! 1 жасы балпаң бастырып, 2 жасы есін жиғызсын, үш жасы үлкен етіп, 4 жасы тартымды етсін, 5 жасы белестен өткізіп, 6 жасы арманға жетелесін, 7 жасы жеңіске жеткізіп, 8 жасы сыпайылық әкелсін, 9 жасы топқа қосып, 10 жасында додада озсын, 11 жаста білімді болып, 12-де өркені өссін, 13 жаста ақылы толсын, 14 жаста төрге отырып, 15 жаста білекті болсын, 16-да жүректі болсын, 17 жетіде жігерлі болып, 18-де еліне қорған болсын, 19 жаста нағыз ер болып, 20-да отау иесі болсын! 20-ға дейін қалай қуантса, қалған жасында да қуаныш үзілмесін!


Денсаулық ешқашан сырын бермесін, тағдыр жүзін қырын бермесін, қайғы қуаныштан бұрын келмесін, әр күнің қуанышты жырымен емдесін! Мұңай ма да, жасыма! Жігерің жанып түсердей боп, барлық арманыңа қолыңды жеткіз! Сұлу жарың, таусылмас малың болсын! Әлемдегі ең бақытты, ең үздік жан бол! Өмір белестері әр қырының артына тамаша тартуын қойсын! Жаратқанның берген бар бақытының дәмін татып, өзгелердің тұтар үлгісі бол! Күлсең тек қуанышқа күл, жүрсең тек бақытыңа қарай жүр! Сен жеңбеген жарыс, алмаған қамалың, аспаған асуың, баспаған бақытты белесің, көтерілмеген биігің, көрмеген қуанышың, қолыңнан келмейтін ісің, сені мақтамаған адам   қалмасын! Асқақ арманмен болашаққа қарыштап қадам баса бер! Арманың ешқашан да, ешқашан да алдамасын!


Басыңнан бақ кетпесін, астыңнан тақ кетпесін! Кигенің құндыз тон болсын, ісіңнің басы оң болсын, өмірің ұзақ жол болсын, несібең тасып мол болсын!


Күннің жылуындай мейірімің, айдың жүзіндей әсемдігің, асқар таудай талабың, самал желдей мінезің, саф ауадай қамқорлығың, өзендей ұзақ өмірің, гүлдей әдемі көңілің болсын!Ең əдемі тілекті тілеймін! Отаның Орда болсын!


Арманың асқар тауың, мақсатың соқпақ жолың. Асқар тауға апаратын соқпақ жолың әрқашан да анық, әрі түзу болсын! Арман таудың шыңына абырой мен жеңісіңнің туын тігуіңе тілектеспін!
Жазған тілектерім ұнаса, сізге көмегі тисе, маған да іштей тілек тілеуді ұмытпаңыздар?


 Үйлену тойына құттықтау сөздер: Қол ұстасқан қос қарлығаштай отбасы деген әдемі отаудың есігін ашқан қадамдарың сәтті болсын! Отауларыңның іші несібелі қазанға, былдырлаған балаға, қаумалаған ағайынға, қайырымды досқа, кетпейтін мәңгілік бақытқа толы болсын! Бірде Қызыр мен Ынтымақ бірге келе жатса, оларды көрген ел-жұрттың бәрі Қызырға жүгіріп, соны қаумалапты. Қызырдан денсаулық, бақыт, махаббат күтіпті. Сонда Қызыр тұрып қасында еленбей қалған Ынтымақты көрсетіп: «Дұрыс таңдау жасамадыңдар, мені емес Ынтымақты таңдаңдар,сонда сендерде қуаныш та, бақыт та, махаббат та, байлық та бәрі болады» деген екен. Сондықтан да АЛЛА ТАҒАЛА ынтымақтарыңды берік етсін! Шаңырақтарың шайқалмайтын мықты, табалдырықтарың мызғымас берік, керегелерің көп қонақ қабылдардай кең, уықтарың сәби былдырының куәсі болардай бақытқа қадалған уық болсын!


Ұзату тойына құттықтау сөздер: Аялап өсірген, толқындай әдемі тербеткен сүйікті көлінен ұшқан аққудай үйіңнен кетіп барасың. Барар жерің, қонатын қонысың құтты болсын! Өазақта қыз балаға арналған «бақытты болам деп емес, бақытты етем деп бар» деген ақылды тілек бар, барған жерің сені бақытты да етсін. Сен де бақыттың бұлағы бола біл! Ағайын мен туысқа сыйлы, сыпайы, ел мақтаған келін бол! Алдыңнан алтындай жарқыраған  бақыт жолы ашылсын! » Ақылды әйел күйеуін патша етіп, өзі патшаның әйелі болады. Ақымақ әйел күйеуін құл етіп, өзі құлдың әйелі болады» деген сөз бар, өмірлік жолдасыңмен бірге әдемі патшалықта өмір сүрулеріңе тілектеспін! Жаратқанның жақсы көрген жаны, жолдасыңның сүйікті жары, отбасыңның мақтан тұтар ары, шаңрағыңның шуақ шашар бағы бол!

Обсуждение закрыто.