Әжеме

Ақ жаулығың жарасар басыңдағы,
Молайыпты ақ түсің шашыңдағы.
Зор байлықсың ең қымбат ортаймайтын,
Ақыл кені,әжетай,қазыналы.
Ауырмастан шауып әркез жүре бер,
Мейрамдарды күнде тойлап күле бер!
Қарттық сенің  қайратыңнан қайрылсын
Отбасыңда бақытты өмір сүре бер!

Немересін жаннан артық көретін,
Екі еткізбей бәрін алып беретін.
Әжелердің құшағында күн иісі
Еркелігі үзілместен күлетін.
Немерелер бақытты осы неге тым,
Немересін көз қуаныш көретін,
Ата-әже бар балақанда бақытты
Ертегіден қиял жасап беретін.
Жүрегіңе қайырымдылық себетін,
Мейірімін аямастан төгетін,
Аман болсын,әжетайым,ертеңім,
Дәл өзіңдей бар асуды жеңетін.

Туған күнмен құттықтайды немерең,
Келсін дейді енді өмірге шөберең.
Денсаулығың мықты болсын,ақ Әжем,
Жаратқаннан жақсы іс келсін жебеген.

Ақыл бұлақ асыл Әжем не деген,
Кеңейеді тыңдап көңіл керегем.
Өмір бойы мақтан етіп өтемін,
Сен диқансың ақыл дәнін себеген.

Барлық сенің үлгіңді қайталадым,
Өнегеңді өсиет деп айта аламын.
Өзің берген өрнекті ойларыңды
Жақсы іске басшы болып қайтарамын.
Казыналы кенішсің байқағаным,
Таңданумен басымды шайқағаным.
Жақсы тілектер легі таусылмайды
Жазып,сірә, бітер ме екен жай қаламым.

Ақ жаулықты Әжем, сені сүйемін,
Сөздеріңнен ақыл-маржан түйемін.
Ертегіңмен қиял беріп ойыма
Бақыт тілеп соғады ұлы жүрегің.

Нағашы әжем анашымның анасы,
Жиендердің ақылшысы, санасы.
Қонақ болып бара қалсам үйіңе,
Бәйек болып қарсы алатын нағашы.

This entry was posted on 01.11.2013. Bookmark the permalink.

Обсуждение закрыто.