Немереме

Ұрпағымның жалғасысың, немерем,
Сенен тарар кейінгі ұрпақ шөберем.
Бәйтеректей тамыр жайып тереңге,
Жеті Атаның соңын алар неменем.
Ұрпағымның жалғасысың, немерем,
Жайылсыншы қанаттарың, керегең.
Өсіп-өніп ұлағатты дана бол,
Тура би бол тік тигізер сөз-жебең.

Тәй-тәй басқан , немерем,
Сүйкімді едің не деген.
Азамат бол ардақты
Жаратқан сені жебеген.

Бақытты бол, немерем,
Кеңейтетін керегем.
Балдай тәтті, балапан,
Иісіңмен мені емдеген.

Немереміз жасқа толды, батырым,
Ел сыйлаған ер болсыншы, ақылым.
Немеремді артық көріп баламнан,
Дүбірлі той жасап,міне, жатырмын.
Немеремнен аянарым жоқ менің,
Арнапсаған қысым, жазым, көктемім.
Әр күн сайын гүлдей жайнап өсе бер,
Бақыт нұрын шашсын саған көкте күн.

Тәй-тәй басқан қадамың,
Құтты болсын, қарағым.
Қылығыңа қуанып,
Адымыңды санадым.
Азамат боп өсе бер,
Бақытты өмір кеше бер.
Ата-анаңды қуантып,
Өмірдің жібін есе бер.

Немерем, құтты болсын алғашқы жас,
Нық болып қалансыншы алғашқы тас.
Өмірде кірпіш болып қаланумен,
Несібеңді мол берсін, болмасын қас.

Өміріме көрік берген, немерем,
Қылығымен ата-әжесін демеген.
Үйіп-төгіп басыңа бақ, тақ берсін,
Жаратқанның пендесі бол жебеген.

Ашық болсын жүрген жолың,
Жомарт болсын берген қолың.
Азамат бол ел сыйлаған,
Айыратын оң мен солын.

Қуанышым, қазынам,
Айтып маған базынаң
Еркелейсің, немерем,
Айтам саған жазып ән.
Бақ-дәулетің мол болсын,
Кигенің алтын тон болсын.
Денсаулығың мықты боп,
Достарың қалың қол болсын!

Тұсауыңды кескем жүйрік болсын деп,
Несібесі жаннан асып толсын деп.
100 жасаған ғұмыры ұзақ жан болшы,
Еркелеткем басыңа бақ қонсын деп.

Ұрпағымсың, жалғасушы көзімсің,
Алданышым, ашу басар төзімсің.
Тұяғымсың, тай боп басар ат ізін,
Шөберемді көрсететтін өзіңсің.

Немерем, атасының мақтанышы,
Әжесінің дем бере жақтар күші.
Ертегіні тыңдаумен ақыл қонсын,
Немеремнің көп болсын мақтар ісі.

Асу да асу белдер тұр,
Тұңғиық терең көлдер тұр.
Шыдамды болшы, немерем,
Тамағың кебер шөлдер тұр.
Бақ құсы қонған жерлер тұр,
Ұнамды болшы, немерем.

12 мүшең сау болып,
100-ге жетші, немерем.
Арманың асқар тау болып,
Кеңейсін уық-керегең.

Баламнан да артық жақсы көремін,
Жаңа өскін желкілдеген желегің.
Мақтанышы ата-ананың бол, жаным,
Алар асу арманыңа сенемін.
Асқақ арман берсін саған Жаратқан,
Азамат бол елді аузына қаратқан.
Денің сау боп, ақылды бол білімді,
Айналаңа шаттық нұрын таратқан.

Тік сөйлейтін кесіп айтар шешен бол,
Ақылымен көш бастаған көсем бол.
Тілекшіміз бар жақсыны тілеген,
Қайда жүрсең, жаным, аманөесен бол!

This entry was posted on 01.11.2013. Bookmark the permalink.

Обсуждение закрыто.