Балама

Бала жүрек ештеңеден алаңсыз,
Болмақ емес олар үшін қараң күз.
Ойламайды еш жамандық болар деп,
Балалықты қия алмаймыз алаңсыз.
Саған қарап отырам да қызығым,
Балалықтың елесінен сызып ән.
Дәл сен құсап еркелеп ем Анама,
Балам саған өте қатты қызығам.
Асыр салғам ойын қуып мәз бола,
Кеудеме тек күлімдеген жаз тола.
Өмірді тек елестеткем әсем деп,
Еркеліктен жылағам тек жас тола.
Мен ойлағам биік тау деп белесті,
Арман дегем сағым қуып елесті.
Қызғалдақтан өзге гүлді жоқ санап,
Ойларым тек туған жермен теңесті.
Ең әсем жер осы жер деп ойлағам,
Әр күнімді достарыммен тойлағам.
Мен де болғам сен секілді ерке қыз,
Бірақ,уақыт мені орнымда қоймаған.

Жасқа толды жаңа ашылған жапырақ,
Жайнап тұрды жырға толып атырап.
Тойлайық біз жаңа ашылған өскінді,
Тамырларың тереңдесін сатылап.
Бақ берсінші өмірің тек басыңа,
Денсаулығың мықты болсын тасына.
Азамат бол «елім» деген қайырымды,
Жан боташым,қиындықта жасыма.

Біздер қандай бақытты едік бүгін,
Балапаным,сенің туған күнің.
Ұзақ ғұмыр тілейміз мәнді,сәнді,
Гүлдей жайна солмай арман-гүлің.

2-ге де жетіп қалдың,боташым,
Көрдік сенен екінің де жотасын.
100-ге жетіп бәйтерек бол жайқалған,
Азамат бол сүйсіндірген атасын.

2 жаста өмірдің аштың парағын,
Құтты болсын әрбір басқан қадамың.
Сатысында ғұмырыңның биіктеп,
Өмірдің тат бал-шырынды сабағын.
Өсе бергін ата-ананы қуантып,
Жамандықтын көзін көміп суалтып.
Адалдықтың ақ туына ие бол,
Сенің әрбір қадамыңа уандық.

Тәй-тәй басып келесің,
1 жасқа енді енесің.
Қадамдарың көбейсін,
Періштең сені жебесін!

Жасқа толған ерке қыз,
Бәріміздің еркеміз.
Құтты болсын 1 жасың,
Тойға енді ертеміз.
Қадам бастың бір саты,
Мақтап жүрер қыз болып,
Өссең енді 1000 саты.

Атасының серкесі,
Әжесінің еркесі.
Жасқа толды бал-бөбек.
Әкесінің серкесі,
Анасының еркесі,
Былдырлайды бал-тілек.
Қуанышым,қызығым,
Алданышым,бұзығым,
Өркенің өсіп өрлей бер!
Өмірдің сызып сызығын,
Татумен дәмді қызылын,
Қанатың қағып сермей бер!

3 жасқа жетті баламыз,
Үн-түнсіз қалай қаламыз.
Ағайын тойға келіңіз,
Барымызды саламыз.
3 жасқа келді балапан,
Ертеңгі ерге санаған.
Жаратқан берсін ақ жолды,
Есімі елге тараған.

3 жасқа келді елігім,
Ертеңгі менің серігім.
Есейіп әлі-ақ кетерсің,
Еліңнің алып сенімін.
Атаңнан алғын өсиет,
Әкеңнен алғын қасиет,
Әжеңнің алып алғысын,
Анаңнан келсін бар мүсін.

Шаңырақтың шаттығысын,кұлыншақ,
Әр нәрсеге қызығумен ұрыншақ.
Былдыр тілің мәз қылады біздерді,
Ертең бұрым бола шығар тұлымшақ.
Өссең деймін жас өркендей жыр шашып,
Күлім көзің мейір төге нұр шашып.
Тәрбие мен білім туын тең ұстап,
Жүрсең деймін есімдерің қыр асып.

Күлкілерің тек пәктіктен жаралған,
Қылықтарың адалдықтан таралған.
Бейкүнә жан сәби жүрек-ақ жүрек,
Мына өмірде періштеге саналған.
Бала кезің-бақыт кезің бөбегім,
Жылама деп әлпештеумен келемін.
Айналаңа бақыт гүлін ексін деп,
Жүрегіңе жырдың дәнін төгемін.

Жылауық кейпің айналар сабырлыққа,
Әр жыл сайын сайланар «әр ұрлық та».
Тағдыр сені сынамаққа салса «өзенге»,
Алдыменен жасқанбай салың мықта.
Туған күнде толдың тағы бір жас артық,
Арқаңа таудай үміт жүгін артып.
Денсаулығың мықты боп тек алға бас,
Біреудің қолда нанын алма тартып.

Шіркін-ай!
Өмірді тек күлкіменен өлшей тұғын,
Балалық өтіп кетті келмей бүгін.
Сенде бар сол тәтті кез,балапаным,
Ертегідей әлемде тербейтінім.
Келе ме деп бала күнім ана белден,
Күтуменен өмір бетін жаза бергем.
Жоғалттым ба деп жүрсем таптым енді,
Бала күнді,құлыным,саған бергем.

4 жас саған көп жастай көрінді,ұлым,
Әлі алда өмір жолы ырым-жырым.
Сол жолды даңғыл ету өз қолыңда,
Жігерлі бол,жасыма,айтар сырым.
Мықты бол,дәулетті бол,сәулетті бол,
Тамырын терең жайған әулетті бол.
Не ексің соны орасың,ұмытпа,ұлым,
Ақылыңмен алып жығар қауметті бол!

Жасың сенің құтты болсын,бүлдіршінім,
Барлық жаннан ыстықсың бұл бір шыным.
Кіршіксіз таза көңіл, ақ періштем,
Қарамасын тағдыр жүзі саған қырын.

Балам бүгін тамаша 10-ға келді,
Өскіннің көркейгені ойға келді.
Балама бақыт тілей,шаттық тілей,
Ағайын шат көңілмен тойға келді.
10 жасың құтты болсын,жан балам,
Арманыңа жете бергін аңсаған.
Құлаш серме жетпеске қиялдағы,
Алғыр болғын барлық әлем тамсанған.

7 деген жотаға жеттің бе,ұлым,
Балалықтан жылыстап кеттің бе,ұлым.
Шалалықтан шалғайға ығысасың,
Ақылдың өлкесіне өттің бе,ұлым.
7 деген киелі кемесінде,
Ақыл толсын ойлы өлке тегешіңе.
Азамат бол айбарлы,апай төсті,
Қасқайып бар өмірдің өлкесіне.

5 деген белес көрінді,
Өтіпті уақыт тезірек.
Мәз етіп әрбір сөзіңді,
Қалыпты жаңа кезің кеп.
Тілерміз саған денсаулық,
Жігерлі болып өсші деп.
Дұшпаның әркез жер қауып,
Жақсыға жүрші қосшы боп.

Немершім,сенсіз қаным қызбаған,
Жайқалтасың кәрі көңіл сыздаған.
Былдырлаған бал тіліңнен айналдым,
Сені анау Анаңнан да қызғанам.
Тербетейін ертегімді тыңдатып,
Ақылыңды қиялыңмен шыңдатып.
Саулығыңды сұрағанда АЛЛАДАН,
Қалар кейде ұзақ түннің таңы атып.
Көз тимесін,қәне-қәне тез түкір
Деп қорғанам дерттерінен жын-жыпыр.
Талтаң басқан қадамыңнан айналдым,
Сені берген Жаратқанға 1000 шүкір!

Ауыра қалсаң езіледі жүрегім,
Бақытыңа шын қуана күлемін.
Ата-анаңның қуаты боп жүре бер
Алданышым,көңіліме тірегім.
Жаратқаннан аман жүр деп сұраймын,
Сенің мына кейіпіңе мұңайдым.
Тез жазылшы,балапаным,қорқытпа,
Жеңісіңе қуаныштан жылайын.

Құлыншағым,жұбанышым,балдырған,
Ана етіп сезім шоғын салдырған.
Қылығыңнан,тұлымыңнан айналдым,
Еркелікпен мені әуреге салдырған.

Шаттанамын томпаңыңды көргенде,
Сен жандырдың үмітімді сөнгенде.
Қайта әкелдің мына өмірге жаңғыртып,
Құлазыған құрым көңіл өлгенде.
1000 алғыс деймін сені берген АЛЛАҒА,
Бар ақылды қосып берсін санаңа.
Саулығыңды сағат сайын сұраймын,
Жаным,тәнім,бар бақытым балама.

Қабырғамды қайыстырма,Нұрқызым,
Менің ерке,жарық күнім,жұлдызым.
Осы ауырған сәттеріңді көргенде
Кесіледі менің шаттық құндызым.
Сен жеңесің бәрін әлі білемін,
Ақылдымсың,менің жарты жүрегім.
Аспандағы айды ал деп жылаған,
Тәтті кезің еске түссе күлемін.
Сен өсесің ата-ананың көркі боп,
Әр жүректің қол жеткізбес өрті боп.
Сен өтесің ұзақ жолдан оп-оңай,
Шаттығы бар,бірақ қайғы-дерті жоқ.

Жасыңды тойлап отырмыз шаттықпенен,
Қуанғаннан қарқылдап қатты күлем.
Тілектердің легінде шек-шеті жоқ,
Орындалсын барлығы сәтіменен.
Саған саулық тілейін шалқаймайтын,
Бақытты да тілейін ортаймайтын.
Армандарың ойласаң орындалсын,
Жастық тілейм ешқашан қартаймайтын.
Жанымның жалауысың желбіреген,
Көзіңнен айналайын мөлдіреген.
Кішкентай ханшайымнан айналайын
Сыйла үлкеннің ақ шашын селдіреген.

Бір иіскесем құмарым қанбай қалам,
Екі иіскесем есімнен танбай қалам.
О,Құдірет, не деген ғаламат ед,
Сәби иіс тоймайтын майдай маған.

Жаратқаннан сұраймын, ауыра көрме, ботақан,
Денің сау боп өсе бер, қалмашы әсте қатардан.
Қылығың тәтті қуантшы былдырлап тәтті үніңмен,
Сыйласын әр кез бақытын тамаша тарту атар таң.

Арманның ұстап қанатын,
Мақсатыңа өрлеші.
Көбейтіп ғалым санатын,
Жақсы іске ғана терлеші.
Қыранша қао\рап қияға,
Алысқа қанат сермеші.
Қарайла ұшқан ұяңа
Наданға жолды бермеші.

Асу да асу бел шығар,
Бет қаратпас жел шығар,
Сөзіңді ұқпас кем шығар,
Шыпылдап тәнге тер шығар,
Қайыспа,балам, оған да.
Шашылған тегін жем шығар,
Бір сәтте күліп ем шығар,
Далада жатқан кен шығар,
Жабыспа алдау тоғанға.
Ойлансаң ойдан сең шығар,
Келіскен тоның кең шығар,
Төзімнен ісің тең шығар,
Қолыңды табар жең шығар,
Айтқанды,балам,бағамда.

Мына өмір мұң-қайғыдан жаралмаған,
Жамандық жер жүзіне таралмаған.
Жасайтын оны адамдар,балапаным,
Шындықты түсінеді бағамдаған.
Айым,күнім,жұлдызым деп еркелетсем,
Шындықты кім айтады балам саған.
Бұрыс пенен дұрыс болар жолды үйретсем,
Жақсыға басар едік жарты қадам.

Әр жыл сайын есейесің бір саты,
Шығар енді өмір белес, қыраты.
Саулығыңды тілеп жүрер ата-анаң,
Сенің адам болғаның тек мұраты.

Аштың мына дүниенің есігін,
Тербетілді әлдименен бесігің.
Шілдехана жасап жинап ел-жұртты,
Қойдық саған батыр-баба есімін.
Адал жан бол айтар тура шешімін,
Үзілмесін жаннан отау — есігің.
Елге сыйлы 100-ге жеткен көсем бол,
Періштелер «әумин» десін кесімін.

Құтты болсын 9 жас,
Саулығың болсын еш тозбас.
Бар қызықты көре бер,
Ақылың болсын еш тозбас.

Киелі сан 7-ге жеттің,балам,
Енді айтамын ақылымды үйіп саған.
Ер жетші ел сүйетін азамат боп,
Арқаңа үміт жүгін түйіп салам.

6 деген  асуға да аттадың,
Тақпақтарды қағып алып жаттадың.
Ақылды боп өсеріңе сенемін,
Бар тәттіні бауырыңа сақтадың.

Әр күн сайын саулығыңды тілейміз,
Әр жасыңда ерекше бір түлейміз.
Мақтан тұтар қуаныш боп өсе бер,
Жолыңды ашып қиындықты күрейміз.

8 деген сұлу жасқа секірдің,
Балалықты бір сатыға кетірдің.
Әржас сайын арманыңа жете бер,
Ақыл толған азамат боп жетілгін.

13 жаста отаудың иесісің,
Шаңырақтың тірегі,киесісің.
Азамат боп жеткен кезің келіп қапты,
Өзіңе бөлек енші тиесі шын.
Ат жалын тартып мінер шағың туды,
Жастық шақ балалықтың шаңын қуды.
Адаспа,алдамшыға болма алаң,
Жастық шақтың татарсың дәмін шулы.

Мектеп ұяң ұштың сары балапан,
Орындалсын армандарың қалаған.
Өмір-өзен ағысына жол тарттың,
Шақырады сәуле нұры тараған.
Мына өмірде Адам болып жаралдың,
Тіршіліктің иесі боп таралдың.
Қайда жүрсең адал іске басшы боп,
Ақта үмітін атаң менен анаңның.

Жастан жасқа жете бер,
Асулардан өте бер.
Денсаулығың мықты боп,
Мақсатыңа жете бер!

Туған күнге тарту саған сыйлаймыз,
Еркелей бер, ештеңеден тыймаймыз.
Сен аман боп ер жетсін деп күні-түн,
Әлемдегі бар жақсыны жинаймыз.
Азамат бол үлкендерді сыйлайтын,
Жақсы істер болсын әсте қимайтын.
Дүниедегі ең бақытты болар ем,
Ер болғанда елдің жырын жинайтын.

АЛЛА  берген қуанышым,
Көңіліме жұбанышым.
Иіскегенде денеме қуат берер,
Жігерім,бойымдағы бұла күшім.

Бесікте уілдейсің ешбір қамсыз,
Дүниедегі ең таза, тым пәк жансың.
Адалдығың жаныңа серік болып,
Алдыңнан сәттіліктің шамы жансын.

Ойыншық десе қоятын ішкен асын,
Балапаным, 5-ке де қадам бастың.
Жаратқан тек алдыңнан жарылқасын,
Тіктеп ұста, тимесін жерге басың.
Арманың асқар таудай биік болсын,
Шыңына бақыт құсы келіп қонсын.
Мұхиттай ақылыңа жан бойламай,
Жігеріңе қайратың келіп толсын.

Қуыршағың әдемі неткен сенің,
Бірінен-бірі асатын неткен керім.
Сен бүгін қуыршақты жақсы көрсең,
Ертеңгі күн сені мақтап сүйсін елің.

Сұлу бол, бірақ соған масаттанба,
Білімді бол, білгеніңе насаттанба.
Кектенбе, көкірегің қараяды,
Аспен сыйла саған қарай тас атқанға.

Бір қолыңда ай тұрсын алтын асық,
Бір қолыңда күн тұрсын нұрын шашып.
Ай мен күн жомарттық пен ар-намысың
Досың көп, дұшпандарың болсын қашық.

Ал, қызым, алаңсыз боп ойыншық ойна,
Балалықтың әр секунтын шатты тойла.
Әр жастың өз салмағы, қызығы бар,
Өскенде ойыншық емес, еліңді ойла.

Балпаң басқан қадамың сәтті болсын,
Татқаның мына өмірден тәтті болсын.
Ақылды адам, білімді ұл, білгір жан боп,
Азаматым, әр күнің шатты болсын!
Тілеймін қадам бас деп әлі мың сан,
Шешен бол сөйлегенде жел де тынған.
Көсем бол алды болып қатарыңның,
Атағың естілетін алты қырдан.

Балпаң-балпаң басасың,
Есігін жастық ашасың.
2 жасың құт болсын,
Өмірің 100-ді жасасын.

Сары ауызсың бейкүнә күнәдан да,
Шын көңілмен жылайсың жылағанда.
Күлсең таза жүректен шығар күлкі,
Өтірікті айтпайсың сұрағанға.
Аман жүрші, менің асыл құлыным,
Тәрбиенің тіктеп ұстап тұғырын.
Жастан жасқа қуанышпен тола бер,
Қайғы ешқашан салмасын мұң құрығын.

Отбасының алданышы,
Ертең болар қорғанышы.
Жасың сенің құтты болсын,
Азамат бол қорғар кіші.

Бір асудың беліне шықтың бүгін,
Қуаныштар сыйлаумен атсын күнің.
Елге сыйлы, ата-анаңа мақтаныш бол,
Жайқалып өсе берсін өмір гүлің.

Тентегімсің, саған қызық бар ғалам,
Ерке ұлым, ойыныңа бар, балам.
Балалықтың бал дәуренін жақсы өткіз,
Жаһангер бол бар ғаламды шарлаған.
Шарлағанда ұғынарсың көп нәрсе,
Ойларың кеп жақсылыққа шектелсе.
Осы әлем мейірімге толып тұр,
Асық, балам, ізгі дәнін еккенше.

1 жасқа толды ұлымыз,
Басталды думан жырымыз.
Ағайын, тойға шақырам,
Бір болған мақсат, сырымыз.
Денсаулық тілеп жаныңа,
Басына тілеп бағын да.
Тілектер легін тізейік,
Келіңіз деймін тағы да.

Қызымыз толды 1 жасқа,
Айтамыз жора-жолдасқа.
Ағайын, тойға ортақ бол,
Ата-әже,қане, «қол» баста.
Бойжеткен болсын тілейік,
Тілекші болып жүрейік.
100 жасты тілеп қызыма,
Келіңдер, тойлап күлейік.

2-ге келді ботақан,
Әженің көңілі босаған.
Атасы бәйек «еркем» деп,
Алданыш болған, қошақан.
Мәртебең ассын межеден,
Несібең ассын көзеден.
Достарың көп боп, дұшпанның
Тимесін сөзі безеген.