22-НАУРЫЗ

Құтты болсын Ұлыстың Ұлы Күні,
Күнмен бірге теңескен бұл күн түні!
Ақ мол болып, несібе молайсыншы,
Қуанышқа өссін тек жердің гүлі!

Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!
Деп тілейміз тілекті, денсаулығың зор болсын!
Жаңа жылда жаңаша жақсы өріс көбейсін,
Мерейің артып асқақтап, кигенің қымбат тон болсын!

Бәйшешектер шешек атар жайқалып,
Ұлыс күні құтты болсын айталық.
Көже ішіп көтеріңкі көңілдер,
Кешіріммен реніш күйден қайталық.

Дүрдараз жандар табысар,
Балалар мәз боп жарысар,
Құтты болсын жаңа жыл,
Жаңаша бақыт таңы бар!

Кешір, досым мені  осы Жаңа жыл,
Достасайық, айтайықшы жаңа жыр.
Ұлыс күні Ұлы дала тойласын,
Бірге қарсы ап таратып гүл, жаңа нұр!

Құдаларым, Ұлыс күні оң болсын!
Өмірдегі сапарларда жол болсын!
Немере мен шөбереге толсын үй,
Асып – тасып несібеңіз мол болсын!

Самарқанның көк тасы еритін
Күн келді қыс күні кемитін!
Құшақты айқара ашайық,
Несібе көрмесін кем кейпін.

Ұлыс күнде еседі Алтын күрек,
Демін берген денеме халқым жүрек!
Ұлысты тойлаған думанды,
Кем болман тұрғанда халқым тірек!

Жаңа жылдан жаңа жылға жетейік,
Әр жылда жүрейік есейіп.
Ескегін қайықтың бірге есіп,
Сүйіктім, бірге өмір кешейік!

Дүр сілкініп түлей түсер көктем күн,
Ұлыс күнін сыйға берген көктем үн.
Жақсылығын, қуанышын ап келсін,
Күндер менен тылсым моншақ төккен түн.

Жанданғанда табиғат, жасарғанда,
Жаңа жылың басталар атар таңда.
Бәйшешектен өмірің сұлу болсын,
Қарлығаштай қайырыммен қатар самға!

Құстар қайтар көктемнің жаршысындай,
Айың тусын асықты алшысындай.
Ұлыс күні жол болсын, ақ мол болсын,
Ақ жауынның төгілген тамшысындай.

Жасыл шықты, жайсаң жаздың белгісі,
Бәйшешектің қылтыңдайтын дер тұсы.
Ақ көбейіп, пәк көңілдер қуанар,
Құстар қайтар жаңа ән сап бергісі.

Осы жылда отыз бақыт тілейік,
Елім иман, бала шатты болсын деп.
Тек той тойлап, аман – есен жүрейік,
Күндер күлкі, шат – шадыман толсын деп.

This entry was posted on 01.11.2013. Bookmark the permalink.

Обсуждение закрыто.